Шымкентте 24 колледж техникалық бағытта білім береді

0
788

Аталған коллеждерде мемлекеттік білім грантының аясында 5702 студент тегін білім алып жатыр.


Шымкентте 24 колледж техникалық бағытта білім береді

Үшінші мегаполисте 32 колледждің 24-і техникалық бағытта білім береді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған коллеждерде мемлекеттік білім грантының аясында 5702 студент тегін білім алып жатыр. Шымкент қаласының БАҚ өкілдері бірқатар техникалық білім беретін оқу орындарының жұмысымен танысып қайтты.

Қаладағы «Политехникалық колледж» «Жас маман» жобасына іріктелген шаһардағы арнаулы оқу орындарының біріне кіреді. Мұнда техникалық мамандықтар, соның ішінде «Жас маман» жобасы аясында радиотехника және байланыс, сондай-ақ электрмен қамтамасыз ету мамандықтары тереңдетіліп оқытылады.
Радиотехникадан дәріс беретін Есімхан Досжанов шәкірті Даниял Мақсатұлымен бірге мамандықты оқытуда қолданылатын зертханалық, тәжірибелік құрал-жабдықтармен таныстырып шықты. Оған зертханалық модуль, аксилограф, активті идентификатор, оптикалық рефлектометр, Fitel S 179 аппараты, оптикалық муфта секілді құрал-жабдықтар жатады. Электрмен қамтамасыз ету мамандығында шәкірттерге электр желісін монтаждау, үйге домофон орнату секілді жұмыстарды тәжірибе жүзінде үйретеді.
«Политехникалық колледж» директорының орынбасары Әлібек Беков жоғарыда аталған құрал-жабдықтарды «Жас маман» жобасы аясында мемлекет есебінен 288 млн. теңгеге сатып алынғанын жеткізді.
Заманауи технологиялар шәкірттерге мамандықтың қыр-сырын толық меңгеруге көмектеседі. Теория жүзіндегі алған білімін тәжірибеде сынап көреді. Ол түлектеріміздің болашақта жұмыссыз қалмай, кез келген мекеме, кәсіпорынға дайын маман болып барына септігін тигізеді, - деді Ә.Беков.
Колледж сонымен қатар зертханалық стендтер арқылы радиобайланыс пен электр энергиясы мамандықтарын тереңдетіп оқытуға айрықша мән берген.