Шымкентте 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

0
192

Брифинг барысында тұрғындардың табысын арттыру мәселесі де талқыланды. Әкімнің айтуынша, қалалық бюджет есебінен еңбекақысы төмен қызметкерлерді қолдау үшін 11 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталған. Бұл қаражат жалақыға қосымша үстемақы ретінде төленіп, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді.


Шымкентте 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және еңбек нарығын жандандыру бағытындағы кешенді жұмыстар оң нәтижесін беріп келеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің биылғы жылғы жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласындағы жетістіктеріне жеке тоқталды.

Жыл басынан бері атқарылған жүйелі шаралардың арқасында Шымкентте 34 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Жалпы алғанда, 46 мыңнан астам тұрғын мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларының игілігін көрді.

Қала басшысы атап өткендей, жаңа жұмыс орындарын құрудың басты тетігі — инвестиция тарту және заманауи өндіріс нысандарын іске қосу.

«Инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу – халықты тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, халықтың әлеуметтік көмекке тәуелділігі азайды», — деді Ғабит Сыздықбеков.

Жүргізілген белсенді еңбек саясатының ең маңызды нәтижесі ретінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар санының күрт азаюын айтуға болады. Мәселен, 2023 жылы қалада 12 725 отбасы АӘК алса, биыл бұл көрсеткіш 1 800 отбасыға дейін төмендеді. Бұл — мыңдаған отбасының мемлекеттік жәрдемақыдан тұрақты еңбек табысына көшкенін білдіретін нақты көрсеткіш. Қазіргі таңда қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрап отыр (өткен жылы — 4,8%).

Брифинг барысында тұрғындардың табысын арттыру мәселесі де талқыланды. Әкімнің айтуынша, қалалық бюджет есебінен еңбекақысы төмен қызметкерлерді қолдау үшін 11 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталған. Бұл қаражат жалақыға қосымша үстемақы ретінде төленіп, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Шымкенттегі орташа жалақы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 334 мың теңгені құрады. Ал халықтың медианалық жалақысы (ортаңғы көрсеткіш) 273,9 мың теңге деңгейінде қалыптасты.

Бұл жетістіктер Шымкенттің тек өндірістік орталық қана емес, сонымен бірге тұрғындардың еңбек әлеуетін тиімді пайдаланатын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мегаполиске айналып келе жатқанын дәлелдейді. Әкімдік алдағы уақытта да тұрақты жұмыс орындарын көбейту және халықтың табысын арттыру стратегиясын жалғастыра бермек.

Бөлісу