Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың себеп-салдары тексеріліп, анықталуда.
Шымкентте «Ордабасы» индустриалды аймағындағы 5 қабатты зауытта темір-бетон плиталарының жабындысы құлап, ішінде жүрген 3 адамды басып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «112» басқару пультіне күндізгі сағат 14:43-те Қапал батыр тас жолында орналасқан «Ордабасы» индустриалды аймағынан хабарлама келіп түскен.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінің 18 қызметкері мен кинологиялық қызмет және дәрігерлер жұмылдырылды.
ТЖД қызметкерлері үйінділердің астынан 1967, 1992 және 1999 жылғы 3 ер адамның денесін тапқан. Марқұмдардың бірі қарауыл, екеуі жұмысшы екен.
Алдын ала ақпарат бойынша жұмысшылар бос қалған цехтағы металл конструкцияларды бұзбақ болған.
Жалпы бұл жұмыс істемей тұрған аумағы 2 мың шаршы метрлік нысан болып шықты.
Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың себеп-салдары тексеріліп, анықталуда. Құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.