Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Солтүстік саяжай» шағынауданының тұрғындары «мұнда біздің өмір сүретінімізді әкімшілік білмейді, «жедел жәрдем» мен тәртіп сақшылары бізді мүлде тауып та келе алмайды» деседі.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының мегаполис дәрежесін алғанымен оның аумағындағы кейбір шағын аудандарының тұрғындары оған лайық еместігін айтады. Оған себеп – атағы жер жарып жатқан қаланың шеткі аумағында адам өмір сүруге мүлде жағдай жасалмай жатқандығы.
Осындай шағын аудандардың бірі - Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Солтүстік саяжай» шағынауданының тұрғындары «мұнда біздің өмір сүретінімізді әкімшілік білмейді, «жедел жәрдем» мен тәртіп сақшылары бізді мүлде тауып та келе алмайды» деседі. Осыған орай ERNUR.KZ тілшісі арнайы барып аталған шағын ауданның жағдайымен танысып қайтты.
Саяжай тұрғындарының айтуынша, бұл елді мекенде шегіне жетіп, шешімін таппаған мәселе шаш етектен. 5000-ға жуық үй орналасқан жердің тұрғындары табиғи газ тұрмақ, ауызсу мен жарыққа жарымай отыр. Тіпті, жөні түзу жол да салынбаған көрінеді.
Осынау проблемалардан әбден күйінген тұрғындардың сөзінше, әлдебіреу ауырып қалып немесе қылмыстық жағдай орын алғанда «жедел жәрдем» мен тәртіп сақшылары бұл шағынауданды тауып та келе алмайтын көрінеді. Сонымен қатар, жақын орналасқан «Боқкөл» деп аталып кеткен бүткіл мегаполистің кәріз суы барып құйылатын көлшіктен шығатын сасық иіс таза ауамен демалуға мүмкіндік бермейді.
«Біреу ауырып, жедел жәрдемге қоңырау шалсақ, «бұндай мекен жайды білмейміз» дейді. Сонда халық қырыла беру керек пе? Үйімізге ұры түсіп жатса тәртіп сақшылары қарасын көрсетпейді. Өйткені білмейді мұндай жердің барын... Бұл не деген сұмдық? Бізді мегаполистің тұрғындары деп кім айтады?», - дейді шырылдаған тұрғындар сұрақтарын жаудырып.
Ашынған халықтың айтуынша, 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан өзге ауылдың мектебіне қатынайтын жол да жоқ.
«Бұл жерде 5000-ға жуық үй бар. Әкімшілікке арызданып барсам, бұл жерде халық тұратынын білмейді екен. Кірген жеріміз алдап шығарып салады. Мемлекеттен қарастырылған ауызсу, газ, жарық, жол жоқ. Алыстағы мектепке бару үшін балаларымыз қыста батпаққа батса, жазда ыстық топырақ кешеді. Тіпті, табандарынан сыз өтіп, мектепте «жіберіп» қойған күндері де болды. Суды сатып алып ішеміз, ол судың тазалығын ешкім тексермейді. 7 көше салып бердік дейді, ол жолмен жүріп көрген адам жоқ мұнда. Тым болмаса су, жол мен жарық жеткізіп берсінші, отынды бірдеңе қылармыз. Мынау қысқа ғана жолдың өзін жүгіріп жүріп істетсек, тасынан топырағы көп болды. Оған да шүкір», - дейді белсенді тұрғын Зибагүл Қосуақова.
Сонымен қатар, тұрғындар қалаға қатынайтын қоғамдық көліктің қызметіне риза емес. Қоғамдық көліктің өзі мұнда күніне 3-4 рет қана төбе көрсетіп, қалған уақытта тұрғындар үлкен жолға дейін екі шақырымға жуық жерді жаяу жүріп өтіп барады екен.
«Бізде қалада жұмыс істейтін адамдар бар. Маршрутқа міну үшін 1-2 шақырым жаяу жүреміз. Жолымыз болса мынау. «17 б» деп аталатын маршруттың қызметі де әбден шаршатты. Арасы 10-15 минут деп жазылған көліктер күніне 2-3-ақ рет қатынайтын кезі де болды. Оның өзі де «Достықтан» қайтып кетеді. Жолымыз нашар болса қандай көлік жүрсін бізге?!», - дейді саяжай тұрғыны Сейсенбай Оспанов.
Осы мәселелерге байланысты қалалық мәслихаттың депутаты Ерболат Нұрмаханов саяжай тұрғындарымен кездесіп, барлық жағдайды халықпен бірге талқыға салды. Жан-жақтан сұрақтарын жаудырып, мәселелерін тізген ашулы тұрғындарға депутат сол жерде барлық мәселенің мән-жайын тереңнен түсіндіріп берді. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтай отыра ұлтаралық келісім қағидаларымен үндескен халық қалаулысының сөзі сенімді шықты ма, тұрғындардың ашуы да басылғандай болды.
«Жұмыстар жасалып жатыр, бюджеттен ақша бөлініп су, газ құбырлары тартылуда. Қаланың шет жағы болғандықтан күтуге тура келеді. Жоспар бойынша бұл аумаққа ауызсу 2019 жылдың аяғында келеді. Оған дейін әкімшілік тарапынан су таситын көліктермен қамтамасыз етеміз. Ал, жол мәселесін кешіктірмей бірінші кезекте шешуге тырысамыз», - деді Ерболат Нұрмаханов.
Сонымен қатар, депутат Нұрмаханов саяжай тұрғындарына ендігі жерде Шымкент қаласы аудан әкімдерінің күн сайын тұрғындарды қабылдайтынын, осындай өзекті мәселелерді әкімдерге тікелей жеткізуге болатындығын да баса айтып өтті.
«Тек айқаймен емес, барлық мәселені сауатты түрде жан-жақты шешуге болады. Шаһар әкімі аудан басшыларына халыққа жақын болуға, күнделікті қабылдап, жанайқайына құлақ түруге нақты тапсырма берді. Енді ұйымдасқан түрде әрбір елді мекеннің белсенділері жергілікті мәселелерді әкімдерге тікелей жеткізе алады», - деді ол.
Ал жедел жәрдем мен полиция қызметіне байланысты халық қалаулысы: «Әлі көше аты, үй нөмірі жоқ болғандықтан тауып келу қиын болады. Сондықтан саяжайдан белгілі бір нүктелерді бекітіп, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлеріне таныстырайық. Содан кейін бұл мәселелер шешілетін болады», - деді.
«Боқкөлден» шығатын иісті жою жөнінде айтсақ, ол «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-не қарайды.Олар бұл мәселеге байланысты шараларды күзде жүргіземіз деп уәде еткен. Арнайы техникалар мен дәрілер алынып, тазаланатындығын айтқан болатын. Егер мәселе уәде берілген уақытта шешімін таппаған жағдайда мықтап қолға аламыз», - деп Ерболат Нұрмаханов тұрғындарға уәде берді.