Кеңсе мен академия филиалы арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Шымкентте 972 мемлекеттік қызметкер қайта даярлау курсынан өтті, деп хабарлдайды ERNUR.KZ.
"Жыл басынан бері академия филиалы базасында 1001 азаматтың оқытылуы жоспарланып, 972 азаматтық қызметші мен мемлекеттік қызметші біліктіліктерін арттыру мақсатында семинарлар және қайта даярлау курстарынан өтті. Яғни, мемлекеттік және әкімшілік лауазымды қызметшілер жоғары білікті кәсіби маман ретінде алған білімдерінің арқасында өз саласында жоғары құзыреттіліке ие болып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Біз мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырумен қатар, стратегиялық ойлауға, бірыңғай құзыреттілік шеңберін көтеруге және өңірлік компоненттерге басымдық береміз", – деп мәлімдеді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалының директоры Ә.Нысанбаев.
Әділет Әділбекұлының сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында академия филиалының білікті профессорлары мен доценттері тарапынан көптеген дәріс қамтылады. Мәселен:
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы;
- Жобалық басқару;
- Халықпен өзара қарым-қатынас мәдениеті;
- Жұртшылық алдында жария сөз сөйлеу;
- Көшбасшылық және эмоциялық интеллект;
- Өзгеріс енгізетін көшбасшылардың жүйелік ойлауы және латын графикасы негізіндегі ресми жазылым сынды дәрістер оқытылады.
Спикердің мәлімдеуінше, қазіргі таңда 72 жоба әзірленіп, 2020 жылдың жинақ қорына кірген. Комиссия мүшелері осы жобалардан ең өзектілерін іріктеп, Шымкент қаласы Әкімдігінің жобалық кеңсесіне іске асыруға ұсынып отырады. Яғни, кеңсе мен академия филиалы арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Айта кетейік, бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік қызметшілерді оқыту үрдісі онлайн форматта жүргізілуде.