Шымкентте АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды

0
106


Шымкентте АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды

Шымкент қаласында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер халықты АЭС-ті қолдауға жұмылдыру мақсатында бірікті. Халықтық штабтың алғашқы отырысында алдағы жұмыс жоспарлары бекітіліп, межелі мақсаттар нақтыланды.

Штабтың құрамына саяси партиялардың аймақтағы белсенділері, ардагерлер, әртүрлі саланың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, соның ішінде мәслихат депутаттары, мәдениет және спорт қайраткерлері, «Жастар Рухы» және басқа да жастар ұйымдарының белсенділері кірді. Олар таяу күндері өңірдегі сайлаушылармен кездесіп, атом электр станциясын салудың маңызы мен артықшылығын насихаттайды.
Отырысты ашып жүргізген «AMANAT» партиясының қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев елімізде АЭС салудың маңызына тоқталып, алдағы уақытта электр энергиясының тапшылығы күрделене түсетінін айтты.
- Электр энергиясын тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Алдағы 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетуі мүмкін. Жылдан жылға өсіп келе жатқан энергия қуатының тапшылығы жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға кері әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, - деді Мұрат Жаңабайұлы.
Сондай-ақ «Энергетикалық және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының PhD докторы Файз Нұрсұлтан Сапарұлы озық елдердің тәжірибесін мысалға келтіріп, ғылыми көзқараста түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
- Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады. Атом электр станциясы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға көмектеседі, - деді ол.
Жиында өзге де саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері пікірлерін ортаға салып, халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді атқаруға келісті.
Бөлісу