Ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанған Нұрғиса Әділетұлы туған жері Шымкентке оралды. Жеңімпазды Шымкент әуежайында жанкүйерлері мен жақындары күтіп алып, оған ерекше құрмет көрсетті.
Нұрғиса Бахрейннің Манама қаласында өткен әлем чемпионатында 96 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, ел тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Ол қоссайыс нәтижесінде 388 келі (жұлқа көтеруде 174 келі, серпе көтеруде 214 келі) зілтемірді еңсеріп, әлемдік деңгейде үздік атанды.
Ұлттық құраманың спортшысы араға 10 жыл салып, ауыр атлетикадан Қазақстанға алтын медаль алып келді.
Бұл жеңіс еліміздің ауыр атлетикадағы жаңа кезеңін айшықтады.
Нұрғиса Әділетұлы – әлемдік және құрлықтық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақ. Оның жетістіктері:
- 2022 жыл – Богота қаласында (Колумбия) өткен әлем чемпионатында күміс медаль.
- 2021 жыл – Ташкентте (Өзбекстан) өткен Азия чемпионатында алтын медаль.
- 2022 жыл – Манамада (Бахрейн) өткен Азия чемпионатында қола медаль.
- 2023 жыл – Чинджу қаласында (Оңтүстік Корея) өткен Азия чемпионатында күміс медаль.
Сонымен қатар, Нұрғиса әлем кубоктары мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, талай мәрте жүлдегер атанған.
- Әлем чемпионаты мен үшін үлкен жеңіс болды. Барлық белестерде өзімді жақсы сезіндім, жанкүйерлерімнің қолдауын анық сездім. Қазақ елінің туын биікте желбірету – мен үшін зор құрмет. Бұл жеңіс соңғысы емес. Алдағы уақытта еліміздің атын әлемге таныта беретін боламын, – деді Нұрғиса Әділетұлы.