Шымкентте арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде

0
65

Қазіргі таңда басқармаға қарасты 13 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істейді.


Шымкентте арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде

Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік қызметтер халықтың әлеуметтік сұраныстарын жан-жақты қамтуға бағытталған кешенді жүйе ретінде дамып келеді.

Бұл қызметтер психоневрологиялық бұзылыстары бар балаларға, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедектігі бар азаматтарға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар адамдарға, сондай-ақ өздігінен күтім жасай алмайтын І–ІІ топтағы мүгедектер мен жалғыз тұратын қарттарға көрсетіледі.

2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, қала бойынша 3 857 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Қызмет көрсету стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету және уақытша болу форматтарында жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары жартылай стационарлық және үй жағдайында көрсетілетін қызметтердің үлесінің өсуі бұл саланың қолжетімділігі мен икемділігін арттырғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда басқармаға қарасты 13 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істейді. Аталған мекемелерде 1 600-ден астам білікті маман қызмет атқарып, тұрғындарға сапалы әлеуметтік қолдау көрсетуде.
2026 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру жоспарланған. Соның бірі – №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арналған қосымша 50 орындық жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі. Құрылыс аяқталғаннан кейін орталықтың сыйымдылығы айтарлықтай ұлғайып, қызмет алушылар үшін жағдай жақсарады. Бұдан бөлек, орталықтың бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр.
№4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жүргізілген абаттандыру мен көркем безендіру жұмыстары мекеменің әлеуметтік ортаға бейімделуін арттырды. «Аялы алақан» №5 орталығында инфрақұрылым кеңейтіліп, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда қызмет алуына мүмкіндік жасалды. Ал №6 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында күрделі жөндеу толық аяқталып, жаңартылған ғимарат қазіргі таңда толық қуатында жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, қалада «Белсенді ұзақ өмір орталығы» нәтижелі қызмет көрсетіп келеді.
Бөлісу