Шымкентте ауа райының суытуынан кептеліс көбейді

0
1 295

Қаладағы көктайғақтың салдарынан тұрғындар мен жолаушылар жапа шегіп, көлік кептелісі орын алған.


Шымкентте ауа райының суытуынан кептеліс көбейді

Шымкентте ауа температурасының 0,-2º төмендеп, қардың жауына байланысты, қалада 18 қараша күні көктайғақ басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қаладағы көктайғақтың салдарынан тұрғындар мен жолаушылар жапа шегіп, көлік кептелісі орын алған.

- Кешегі күні қалада көктайғақ болып, көлік кептелісі көбейді. Көліктер тайып әрең жүрді. Менің өзім 15 минут жүретін жерге, әрең дегенде 50 минут жүріп жеттім. Жолда жетем дегенше Тәуке хан даңғылының бойында 2 көлік соқтығысып, салдары ұзын-сонар кептеліске ұласты. Жол бойына тұз не құм себілмеген. Үйге жетсем 12 жасар қызым жолда құлап, аяғын ауыртып алыпты. Жаяу жүргіншілер жолы да тазаланбаған, - дейді қала тұрғыны Асан Барлыбаев.

Шымкент қаласының энергетика басқармасы қысқы маусымға су жаңа техникалар алып дайын екенін мәлімдеен болатын. Енді бүгінде қар тазалау және көктайғақты болдырмау жұмыстарына белсенді кіріскенін айтады.

- Шымкентте қар тазалау және көктайғақты болдырмау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала көшелерін қардан тазарту және көктайғақтың алдын алу мақсатында коммуналдық 5 мекеме күшейтілген кестеде жұмыс істеуде. Қар тазалауға 600-ден астам жұмысшы, 101 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта коммуналдық мекемелер 32 бағыт бойынша жұмыс жасап,көктайғақтың алдын алу үшін 721 текше метр инертті материал себілді. Сондай-ақ, қала көшелеріндегі аяқжолдар, аялдамалар, әлеуметтік нысан аумақтары қардан тазартылды, - деп мәлімдеді қалалық энергетика басқармасы.