Жаңа газ тарату станциясы жылдың кез келген уақытында тұтынушыларға үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті.
Шымкент қаласында сағатына 250 мың текше метр көгілдір отын таратуға қауқарлы автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГРС-3) пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жаңа газ тарату станциясы жылдың кез келген уақытында тұтынушыларға үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті.
Нысанның ашылу салтанатына қала әкімі М.Әйтенов,депутаттар мен сала мамандары қатысты.
Қала басшысы бүгінгі іске қосылып отырған газ тарату станциясы мегаполис төңірегіндегі барлық елді-мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік беретін өте қажетті нысан болып табылатынын айтып өтті.
«Жыл сайын Шымкентте газ тартылған елді мекендер саны артып келеді. Бүгінде қаланың 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7 пайызға жететін болады. 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 28 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқа да нысандар 100 пайыз табиғи газбен қамтылады»,-деді Мұрат Әйтенов.
Қазіргі уақытта қолданыстағы АГРС-1, АГРС-4 станцияларының қуаттылығы 180 000 м3/сағ құраса, жалпы қаланың қажеттілігі - 250 000 м3/сағ. Бұл нысан – елдегі ең ірі автоматтандырылған газ тарату станциясының бірі. Құрылыс жұмысы кезінде, 59 шақырым газ құбыры тартылды. АГРС-3 нысанынан «Шығыс» және «Батыс» 2 магистралдық газ жүйелері Шымкент қаласына тартылып, орталықтандырылған газ құбырына қосылды.
Газ тарату нысаны өте жоғары қысыммен жұмыс істейтін және өрт қаупі жоғары болғандықтан, станцияны қосу жұмыстары жылыту маусымынан соң іске асырылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан тұрғындарға, жеке кәсіпкер мен өндірістік мекемелерге техникалық шарт беру осы жылдың 31-ші қаңтарынан рұқсат берілді. Бүгінгі күнге дейін 5 мыңға жуық тұрғын үй газға қосылу үшін техникалық келісім шартқа қол қойған.
Енді, техникалық келісім шарт алған тұрғын үйлерге газ беру процессі басталады. Сондай-ақ, 2021 жылы құрылысы аяқталған Бадам 195 орам, Достық, Азат, Асар-2, елді мекеніндері мен Тассай бөлімшесіндегі тұрғын үйлерге газ беріле бастайды. Сондай-ақ, көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік және өндірістік нысандар да табиғи газбен қамтылады.
Жоғарыда аталған елді мекендерден бөлек, биыл құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілетін 10 елді мекен де табиғи газбен қамтылатын болады.
АГРС-3 нысанының құрылысы «Stroy Gaz Company» мекемесі тарапынан 2019 жылы басталып, 2021 жылдың соңында аяқталды. Жалпы жоба құны – 9, 463, 185 құрайды.