Шымкентте Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен жастардың дамуына қолайлы орта қалыптастыру, психологиялық қолдау көрсету және қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Бақыттың кілті – өзіңде!» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Әбдіоқапқызы Жұмақұлова, Шымкент ҚПД Криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Шыңғыс Нұржанұлы Жайлаубек, полиция майорлары Гүлвира Бектемісова мен Бауыржан Қанатұлы Карбеков, сондай-ақ тәжірибелі психологтар Салтанат Сайлауқызы Асанова мен Жанаргүл Кеңесқызы Арыстанова қатысты.
Кездесуде қазіргі қоғамда өзекті болып отырған киберқауіпсіздік, зорлық-зомбылықтың алдын алу, нашақорлықпен күрес және жастардың психологиялық әл-ауқаты мәселелері жан-жақты талқыланды. Киберқылмыспен күрес бөлімінің мамандары интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдары мен алаяқтық схемалар туралы ақпарат беріп, жастарды интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға шақырды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамда кездесетін зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары мен есірткіге қарсы күрес жолдары туралы баяндап, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Дөңгелек үстел барысында психологтар жастардың психикалық денсаулығын сақтау, эмоционалдық тұрақтылықты нығайту және жеке даму жолдары туралы кеңестер берді. Сарапшылар жастардың өзін-өзі дамытуының маңыздылығына тоқталып, психологиялық тұрақтылық пен өмірлік мақсаттарға жету жолдары бойынша ой бөлісті.
Сондай-ақ, психологтар өзара тәжірибе алмасып, жастармен жұмыс істеу әдістерін талқылады. Олар психологиялық қолдау көрсету арқылы жастардың бойында сенімділік, табандылық және өмірлік қиындықтарға төтеп беру қабілеттерін дамытуға болатынын атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар жастардың әлеуметтік, психологиялық және құқықтық мәселелерін шешу бағытындағы бірлескен іс-шараларды әрмен қарай жалғастыру қажеттігін айтты.
«Бақыттың кілті – өзіңде!» атты дөңгелек үстел жастарға өздерін дамыту, психологиялық тұрақтылықты нығайту және өмірлік маңызды мәселелерді шешу бойынша құнды ақпарат беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.