Шымкентте бала тууға қатысты мемлекеттік қызметтерге сұраныс артты

0
2 644

Биыл қаңтар айында Шымкентте бала тууына байланысты құжаттарды рәсімдеуге 12 мыңнан астам өтініш келіп түскен.


Шымкентте бала тууға қатысты мемлекеттік қызметтерге сұраныс артты

Соңғы уақытта баланың тууына байланысты қызметті алу үшін ХҚО-ға келетін азаматтардың саны күрт өскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мәселен, биыл қаңтар айында шымкенттіктер бала тууына байланысты қызметтер бойынша 12 мыңнан астам өтініш жолдаса, өткен жылыдың қаңтарында бұл көрсеткіш 6 859 құраған еді.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді.


Сонымен қатар қызметтерге SMS арқылы проактивті форматта қол жеткізу қарқыны да күшейген. Былтыр 301 қызмет, Биыл 1 698 қызмет проактивті түрде ұсынылды.

- Балалы болу - кез келген отбасының өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі. Балаға күтім жасау, перзентханадан шығару сияқты іс-шаралармен жүргенде, ХҚО-ға баруға уақыт тапшы болады. Осындайда қызметтерді проактивті тәсімен алу – ең қолайлы шешім. Бұл орайда айта кетейік, телефон хабарламасының көмегімен баланың туу туралы куәлігін, тууға байланысты жәрдемақыны және балабақшаға кезекті рәсімдеп қана қоймай, баланы тұрғылықты жеріне тіркей аласыз, - деді Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.


Жалпы, нәрестені проактивті тәсілмен тіркеу қызметі 2017 жылдан бастап іске қосылған. Бұл игілікті мобильді азаматтар базасында тіркелген ата-аналар ғана қолдана алады.

Баланың тууы бойынша қызметтерді проактивті форматта алу үшін egov.kz порталындағы жеке кабинетіне ұялы телефон нөмірін ЖСН-ге байланыстыру қажет. Бұл әдіс азаматтардың уақытын үнемдеп, ХҚО-да кезекті тұру қажеттілігінен босатады.


Айта кетейік, биыл қаңтар айында бала туу туралы куәлігін тіркеуге 2219, бала оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға 4634, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем тағайындауға 4348 өтініш қабылданды. Ал ХҚО-ға бармай-ақ, проактивті тәсілмен бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау бойынша 1698 өтініш келіп түсті.