Шымкентте батыр ананы ардақтады

0
214

Шымкент қаласы мәслихатының Төреайым Сұлтанова бастаған Альбина Елшиева, Айжан Наимбекова, Алия Юсупова сияқты бір топ депутаты қарияны Жеңістің 80 жылдығымен арнайы құттықтап барды.


Шымкентте батыр ананы ардақтады

ERNUR.KZ. Шымкентте көзі тірі екінші соғыс ардагері – Нина Мосунова. Ш.Уәлиханов көшесіндегі №126/3 үйде майдан даласында ерлермен бірдей кеудесімен құм сызған Нина Егоровна ғасырлық тойын қарсы алып отыр.


Шымкент қаласы мәслихатының Төреайым Сұлтанова бастаған Альбина Елшиева, Айжан Наимбекова, Алия Юсупова сияқты бір топ депутаты қарияны Жеңістің 80 жылдығымен арнайы құттықтап барды. Иығына шапанын, басына орамалын жауып, гүлі мен тәттілерін беріп, сый-сыяпатын жасады. Жеңіс үшін, бейбітшілік үшін алғысын айтты.

“ Жыл сайынғы дәстүр бойынша жүз жасқа жеткен Нина Егоровнаға бір топ мәслихат депутаты құттықтап келдік. Бүгінгі тыныш та бақытты өміріміз үшін өз үлесін қосқан батыр анамызды қалай құрметтесек те жарасады. Майдан даласында мәңгілік ізін қалдырған анамыздың ерлік істері өскелең ұрпаққа өнеге. Қаһарман апамызға денсаулық тілейміз. Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! “– деді Төреайым Жолдыбайқызы.

Н.Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Ресей Федерациясы Татарстан мемлекетінің Урустамак елді мекенінде туылған. Он бес жасынан шошқа фермасында еңбекке араласты. Келер жылы-ақ сол ферманың меңгерушісі болып сайланады. 1942 жылы қазан айында әскерге өз еркімен алынып, Казань қаласында телеграфист мамандығын алып, Горький қаласына телеграфист маманы болып жолданған.
1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа пулеметші ретінде жолданған. 36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында қызмет етіп, радистер бөлімінің командирі болған.

Майдан даласында ер азаматтармен бірдей иық тірестіріп әскери бұйрықтарды бұлжытпай орындаған. 1945 жылы Башкирияның Октябрьск қаласына аударып, 1946 жылға дейін кассир жұмысын істеген. 1948 жылы Қазақстан Республикасының Шымкент қаласына көшіп келген. 1948 – 1951 жылдары Шымкент қаласында кітапханада жұмыс істеген. 1967 жылы «КазЮгвзрывпром» мекемесінде хатшы-машинист қызметін атқарған.

Соғыс алаңында да, жұмыс алаңында да тынбай еңбек еткен қаһарман ананың жасаған істері елеусіз қалмады. «Германияны жеңгені» үшін медалімен марапатталған.

Оқ пен оттың ортасында Отаны үшін аянбаған ол 1 ұлдан 2 немере, 5 шөбере көрген аяулы ана, ардақты әже. Бүгінде немересі Мария қарт ананың күтімін жасап отыр.