​Шымкентте денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізіліп, жоғары технологиялы оталар жасау көбейген

0
204

Қалада 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде, ал 200 орындық перзентхана салу үшін 6,2 гектар жер телімі бөлінген.


​Шымкентте денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізіліп, жоғары технологиялы оталар жасау көбейген

Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары ауқымды жаңғыру мен технологиялық серпіліс байқалуда. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков медициналық қызмет сапасын арттыру мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды көрсеткіштер туралы баяндады.

Соңғы үш жылдың ішінде мегаполисте 14 жаңа медициналық мекеме есігін айқара ашты. Бұл қадам қала емханаларына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, орташа көрсеткішті 25 мыңнан 21 мың адамға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Мегаполис медицинасына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект батыл енгізілуде. Соның ішінде ең маңызды жетістік — құны 2,8 млрд теңгені құрайтын «PACS Systems» жүйесінің іске қосылуы. Бұл инновациялық жүйе қатерлі ісік және өзге де қауіпті дерттерді ең ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беріп, диагностиканың дәлдігін жаңа деңгейге көтерді. Дәрігерлердің айтуынша, жасанды интеллекттің көмегі пациенттердің өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаруда.

Брифинг барысында Шымкент дәрігерлерінің жоғары кәсібилігі де айтылды. Биыл қалада 1 102 жоғары технологиялы операция сәтті жасалған. Күрделі хирургиялық араласулардың статистикасы төмендегідей:

  • 310 кардиохирургиялық операция;
  • 33 нейрохирургиялық ота;
  • 1 жүрек трансплантациясы;
  • 14 бүйрек трансплантациясы.

Материалдық-техникалық жабдықтау бойынша да рекордтық нәтижелер тіркелді. Медицина мекемелерінің базасын жаңарту деңгейі 79 пайыздан 90 пайызға дейін көтерілді. Жедел жәрдем паркі 40 жаңа арнайы автокөлікпен толықтырылып, №1 қалалық клиникалық және жұқпалы аурулар ауруханалары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи кейіпке енді. Шұғыл көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында үш шағын ауданда сервистік орталықтар ашылды, ал келесі жылы тағы екі орталық бой көтермек.

Болашақ жоспарлар да ауқымды. Қазіргі таңда қалада 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, ана мен бала саулығын сақтау мақсатында 200 орындық жаңа перзентхана салу үшін 6,2 гектар жер телімі бөлініп, жобалық жұмыстар басталды. Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы бұл инвестициялар — қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын арттыру мен денсаулығын нығайтуға бағытталған ең маңызды қадамдар.

Бөлісу