Шымкентте денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа бастамалар қолға алынуда

0
50

Денсаулық сақтау саласында цифрландыру одан әрі дамып келеді. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында барлық медициналық ұйымдар электронды рецепт жүйесіне толық көшті.


Шымкентте денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа бастамалар қолға алынуда

Елдің әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруда денсаулық сақтау саласы айрықша рөл атқарады. Соңғы жылдары бұл салада халыққа қолжетімді, сапалы қызмет көрсетуге бағытталған бірқатар жаңа бастамалар қолға алынуда. Шымкент қаласы да осы өзгерістердің ортасында.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – денсаулық сақтау саласын жетілдірудің маңызды қадамы. Бүгінде қала халқының 82,5 пайызы сақтандыру жүйесіне тартылған. Бұл азаматтардың басым бөлігіне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен қосымша қызметтерді алу мүмкіндігін беріп отыр. Дегенмен әлеуметтік осал топтар да назардан тыс қалған жоқ. Қалада 56 964 азаматты толық қамту үшін жыл сайын шамамен 2,9 млрд теңге қаржы бөлінеді. Бұл мемлекет тарапынан ең мұқтаж жандарға көрсетіліп отырған нақты қамқорлықтың айғағы.

2024 жылдың шілде айынан бастап дәрілік заттарды таңбалау жүйесі іске қосылды. Бұл жаңашылдық стационарлық мекемелер мен дәріханалардағы дәрі-дәрмек айналымын қатаң бақылауға алуға мүмкіндік берді. Енді әрбір дәрі арнайы таңбаланып, оның өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысы цифрлы жүйеде қадағаланады. Мұндай қадам дәрілердің сапасын бақылауға, жалған өнімдерге тосқауыл қоюға және халықты сапалы препараттармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Денсаулық сақтау саласында цифрландыру одан әрі дамып келеді. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында барлық медициналық ұйымдар электронды рецепт жүйесіне толық көшті. Тек 2025 жылдың өзінде 619 мыңнан астам электронды рецепт жазылды. Бұл тәсіл дәрі-дәрмекке қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, қағаз құжат айналымын азайтып, пациенттерге көрсетілетін қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттырды.

Бұдан бөлек, қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жаңа медициналық орталықтар салу жоспарлануда. Бұл денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Саладағы тағы бір маңызды мәселе – кадр тапшылығын шешу. Осыған байланысты жас мамандарды қолдау бағытында жаңа қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, оларды резидентураға жіберу тетігі қарастырылып, кәсіби біліктілігін жетілдіруге жағдай жасалуда. Бұл алдағы жылдары қалада жоғары білікті дәрігерлер мен мамандардың көбеюіне ықпал етеді.

Қорытындылай келе, денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа бастамалар тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етуге, дәрі-дәрмек айналымын ашық әрі әділ етуге және саладағы мамандардың кәсібилігін арттыруға бағытталған. Бұл қадамдар халықтың денсаулығын қорғау ісінде мемлекет саясатының басты басымдығы екенін көрсетеді.

Бөлісу