Қала әкімі еріктілерге және қаражат аударған кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
Қазіргі таңда қалада құрылған 49 эвакуациялық пункте жалпы саны 26 691 арыстық азамат тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық әкімдікте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Екі күннің ішінде жоғалған 19 бала ата-анасына табысталғанын айтқан қала әкімі еріктілерге, қаражат аударған кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
Баспасөз жиынында қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов жалған ақпарат тартқан Арыс тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, ал жалпы, тәртіп сақшылары қатаң режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жақсыбаев Арыстағы жағдай тұрақты екенін хабарлады. "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры Арман Сұлтанов та Шымкентке келіп тоқтаған жолаушыларды жеткізу барысы тұрақты екенін айтты.
Дереккөз: Шымкент келбеті