​Шымкентте «Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында семинар өтті

0
56


​Шымкентте «Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында семинар өтті

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен семинарға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Закирьянов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ департамент директорының орынбасары Марат Есенов, Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Семинар барысында кәсіпкерлік қызметінің, оның ішінде инвестициялық бағыттағы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы егжей-тегжей айтылды.
«Бүгінгі таңда еліміздегі экономикалық дамудың негізгі бағыты инвестиция жұмылдыру болып табылады. Бүгінде әр мемлекеттік орган инвестиция тарту бойынша басымдықтар мен функционалдық өкілетке ие. Инвестициялық тапсырыс қалыптастыру кезінде бірінші кезекте бизнес тарапынан түскен ұсыныстар ескерілуі тиіс. Әр өңір инвестиция қажет ететін жобалардың тізбесін жасап, ҚР Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Нақтылау жұмыстарынан соң сыртқы істер министрлігі шетелден мекемелерге инвесторлар іздеу және бастапқы келіссөз жүргізу жөнінде тапсырмалар береді», – деді Мұрат Закирянов.
Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Сыртқы істер министрлігі мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бірлесіп инвестициялық климатты жақсарту бағытында тығыз жұмыс атқарып жатқанын, ұлттық компания жобаларды бастаманы зерделеу кезеңінен бастап, нысанды пайдалануға беру мен постинвестициялық сүйемелдеу кезеңіне дейінгі бүкіл цикльде жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.
Ұлттық компания жобаларды іске асырудың түрлі кезеңдерінде туындайтын визалық, көші-қондық және өзге де ұйымдастырушылық мәселелерді шешуде инвесторларға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, компания «Бір терезе» қағидаты аясында ақпараттық-талдамалық және заңгерлік сүйемелдеу қызметтерін ұсынып, инвестициялық келісім-шарттарды жасасуға, орталық және жергілікті атқарушы органдармен келіссөздер ұйымдастыруға, сондай-ақ, жобаларды өңірлерде іске асыруға көмектеседі.
«Шымкент қаласының инвестиция бағытындағы мүмкіндігі мол. Қалада өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, тоқыма, химия, логистика салалары жақсы дамуда. Мегаполистің әлеуеті жоғары», – деді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Сервистік қолдау департаменті жетекшісінің орынбасары Марат Есенов.
Семинарда Индустрияны дамыту қорының мамандары өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді, ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері бизнесті қолдау шаралары туралы баяндады. Ал Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев кәсіпкерлік бастамалары бар азаматтарға көрсетілетін қаржылай емес қолдау шаралары туралы баяндады.
Бөлісу