2023 жылдың соңына дейін Шымкенттегі ауыз су мәселесі толығымен шешіледі деген жоспар бар.
Шымкент қаласында жылыту жүйелерін жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын қаладағы жылу құбырлары мен қондырғыларының 42,7 пайызы тозған болса, қала әкімдігі тарапынан атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 37 пайызға дейін төмендеген.
Мұндай нәтижеге жету үшін 2 жылда 68,2 шақырым жылу құбыры жөндеуден және 360 метр құбыр күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ, 15,4 шақырым құбырлар қайта қымталып, 3 сорғы стансасы күрделі жөндеуден өткен.
Тап осындай жұмыстар электр желілеріне қатысты да жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2021 жылы қаладағы тозығы жеткен 35,8 шақырым электр желілері және 98 дана трансформатор жаңартылды. Сондай-ақ, қалада 2 қосалқы электр станциясы салынып, 20 елді мекендегі 45 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатына қол жеткізді.
Халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында 5 магистралдық су құбыры тартылып, 25 елді мекенде ішкі ауыз су жүйелері жүргізілген. Соның арқасында 2 жылдың ішінде 60 мыңға жуық халық таза ауыз су тұтыну мүмкіндігіне ие болды.
2023 жылдың соңына дейін Шымкенттегі ауыз су мәселесі толығымен шешіледі деген жоспар бар.
Мұнан бөлек №3 АГРС-тің құрылысы аяқталып, газ қысымының төмендігі мәселесі толық шешілді. Екі жылдың ішінде Шымкенттегі 5 елді мекенге газ құбырлары тартылып, 11 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.
Сондай-ақ, 2020-2021 жылдары 30 мыңға жуық тұрғыны бар 2 елді мекен кәріз жүйесіне қосылған.