​ШЫМКЕНТТЕ ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСЫНА 189 АРНАЙЫ ТЕХНИКА ЖҰМЫЛДЫРЫЛАДЫ

0
187

Қыс мезгілінде қарды шығару орындары аудан әкімдіктерімен келісіліп, арнайы бос жер телімдері белгіленеді. Жол мен тротуарлардың тайғақ болмауын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер инертті материалдардың қомақты қорын әзірледі.


​ШЫМКЕНТТЕ ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСЫНА 189 АРНАЙЫ ТЕХНИКА ЖҰМЫЛДЫРЫЛАДЫ

Шымкентте қысқы маусымға 189 арнайы техника дайындалды.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34-ке артық. 2023 жылы қар тазалау жұмыстарына 155 техника тартылған болатын. Сонымен қатар, орталық көшелерді тазалауға мердігер ұйымдардың 2000-ға жуық қызметкерлері атсалысады.

Қазіргі таңда мегаполисте жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көше бар. Бұл көшелердің санитарлық және механикалық тазалығын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бес мердігер ұйым қамтамасыз етеді.
Алдағы қысқы маусымда Шымкенттің бес ауданында көшелерді қардан тазалау бірнеше ауысымда жүргізіледі. Мысалы, Абай ауданында тазалау жұмыстары сегіз бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 357,2 шақырымды құрайтын 80 магистральдық көшені тазалау үшін 37 арнайы техника жұмылдырылады.
Әл-Фараби ауданында тазалау жұмыстары бес бағытта жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 147,4 шақырым 109 магистральдық көшені тазалауға 39 арнайы техника тартылады. Сондай-ақ, Еңбекші ауданында қар тазалау бес бағыт бойынша жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 221,6 шақырымдық 83 магистральдық көшені тазарту үшін 38 арнайы техника тартылмақ.
Тұран ауданында жұмыс алты бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 203,3 шақырымдық 111 магистральдық көшені тазалауға 36 арнайы техника тарту жоспарланған. Ал Қаратау ауданында ұзындығы 181,1 шақырымды құрайтын 83 көшені тазалау бес бағытта жүргізіліп, 39 арнайы техника жұмылдырылады.
Сонымен қатар, қыс мезгілінде қарды шығару орындары аудан әкімдіктерімен келісіліп, арнайы бос жер телімдері белгіленеді. Жол мен тротуарлардың тайғақ болмауын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер инертті материалдардың қомақты қорын әзірледі. Атап айтқанда, шамамен 24 800 текше метр құм және 13 200 тонна тұз дайындалды. Биыл инертті материалдар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қосымша келісімшарт негізінде сатып алынды.
Бөлісу