Бүгінде «Шымкент жүрек орталығында» жыл сайын жүрек ырғағы бұзылған 600-700-ге жуық науқасқа жоғары технологиялық операция жасалады.
«Шымкент жүрек орталығында» Қазақстанда алғаш рет енгізілген жүрек ырғағы бұзылыстарын емдеудің жаңа әдісі – импульстік-өрістік абляция (Pulsed Field Ablation, PFA) бүгінде тәжірибеде белсенді қолданылып, алғашқы пациенттер оның шапағатын көре бастады.
Заманауи технология күрделі аритмияға шалдыққан науқастарды қауіпті асқынулардан қорғап, қауіпсіз әрі дәл ем жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.Жоғары технологиялы медициналық көмек МӘМС есебінен жүргізілуде.
Жаңа әдістің тиімділігін сезінгендердің бірі – 48 жастағы Қалия Аширбаева. Ол бірнеше жылдан бері жүрек жыбырымен (жүрекше фибрилляциясы) өмір сүріп, жүрек қағысының жиілеуі салдарынан ай сайын жедел жәрдеммен ауруханаға түсіп отырған.
– Алғашында жүрегім анда-санда шаншитын. Кейін ұстамалар жиілеп, ай сайын жедел жәрдеммен ауруханаға түсетін болдым. Дәрігерлер осы операцияны ұсынды. МӘМС арқылы порталмен келдім. Барлық ем тегін жасалды. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді пациент.
«Шымкент жүрек орталығы» интервенционалды бөлім меңгерушісі Дәурен Кенжебаевтың айтуынша, жүрек жыбыры – әлемде ең жиі кездесетін жүрек ырғағы бұзылыстарының бірі. Ол инсульт пен жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупін бірнеше есе арттырады. Сондықтан бұл дертті дер кезінде жоғары технологиялық әдіспен емдеу пациенттің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, өмірін сақтап қалуға да мүмкіндік береді. PFA технологиясы бұрын қолданылып келген радиожиіліктік абляциядан ерекшеленеді. Импульстік электр өрісі тек зақымдалған жасушаларға әсер етеді. Соның нәтижесінде өңеш, қан тамырлары және жүйке жүйелеріндегі маңызды құрылымдарды зақымдау қаупі айтарлықтай төмендейді. Жаңа әдісті меңгеру мақсатында таяуда өткен шеберлік сабағына Қытай елінен келген жетекші аритмологтар қатысып, тәжірибелерімен бөліскен болатын.
Бүгінде «Шымкент жүрек орталығында» жыл сайын жүрек ырғағы бұзылған 600-700-ге жуық науқасқа жоғары технологиялық операция жасалады. Ал PFA технологиясының енгізілуі мұндай көмектің қауіпсіздігі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтеріп отыр.


