​Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындылары талқыланды

0
84

Жиында кітап оқуды жай ғана көрсеткіш үшін емес, күнделікті әдетке айналдыру қажеттігі атап өтілді.


​Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындылары талқыланды

Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап оқу марафоны: ұйымдастыру тәжірибесі мен тиімді тетіктері» тақырыбында кездесу өтті.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Қажимерұлы Сакошев қатысты.

Кездесуде республикалық марафонның аралық нәтижелері, қатысушылар белсенділігі және алдағы кезеңдердің міндеттері талқыланды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жобаға еліміздің 20 өңірінен, 195 ауданынан және 6 мыңнан астам ауылынан 1 миллион 490 мыңнан астам адам тіркелген. Осы уақытқа дейін қатысушылар 1 миллионнан астам кітап оқып, 337 мыңнан астам белсенді оқырман қалыптасқан.

Жиында кітап оқуды жай ғана көрсеткіш үшін емес, күнделікті әдетке айналдыру қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ қатысушылардың кітап туралы пікірлері көлемі, авторға сәйкестігі, плагиат және жасанды интеллект көмегімен сараптау сияқты төрт сатылы тексеруден өтетіні айтылды.

Марафон үш негізгі кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушылар 15 кітап оқып, кемінде 3750 ұпай жинап, тестілеуден өтуі керек. Одан кейін аудандық және облыстық командалық квиздер ұйымдастырылып, үздіктер өңірлік іріктеу мен республикалық финалға жолдама алады.

Кездесу соңында наурыз айында өтетін тестілеу мен іріктеу кезеңдеріне дайындықты күшейту тапсырылды. Негізгі басымдық сандық көрсеткішке емес, марафонды соңына дейін жалғастыратын ынталы оқырмандарды қолдауға берілмек.

Бөлісу