Шымкентте қоғамдық көліктер уақытынан бұрын тоқтап қалатыны анықталды (видео)

1
2 577

Ал кейбір аялдамаларда жол белгісі де жоқ. Жүргізушілердің кейбірі телефонға қарап көлік басқаратыны да белгілі болды.


Шымкентте қоғамдық көліктер уақытынан бұрын тоқтап қалатыны анықталды (видео)

Үшінші мегаполистегі қоғамдық көліктер белгіленген уақыттан бұрын тоқтап қалатыны анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған жағдай бүгінгі таңда бір ғана адамның емес, көптеген қала тұрғындарының мәселесіне айналған. Яғни, Шымкент қаласындағы жолаушылар таситын автобустар уақытынан бұрын тоқтап қалады. Ал, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, автобустар кешкі сағат 21.00-ге дейін жүруі керек.

Осыған орай 28 қараша күні «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған «Ашық микрофон» бастамасы аясында жас қоғам белсенділері, жастар мәлихатының депутаттары, БАҚ өкілдері және Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Сүгірәлиев Наурыздың қатысуымен автобустарды бақылау мақсатында рейдтік іс-шара өтті.

Нәтижесінде, кейбір автобустардың кешкі сағат 20.00-ден кейін-ақ тоқтап қалатыны, тіпті кейбір жүргізушілердің көлікті телефонға қарап отырып басқаратыны анықталды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» алдындағы аялдамада тұрған жолаушылар да қоғамдық көліктердің қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.

«Автобустар ерте тоқтап қалады және кейбіреулері белгеленген уақыт аралығын сақтамай, кешігіп келеді. Біздің автобус күтіп тұрғанымызға 45 минут болды, әлі жоқ», - деді жолаушылар.

Сондай-ақ, кешкі уақытта аталған аялдамаға қарапайым таксистер келіп тұрады екен. Ал, белсенділер оларға бұл жерде тұруға болмайтынын жеткізбек болғанда, жүргізушілер мұнда ешқандай аялдама белгісі жоқ екенін айтты және ол шындық болып шықты.

Өз кезегінде, аталған кемшіліктердің бәрін көзімен көрген Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Сүгірәлиев Наурыз бұл мәселелердің барлығын назарға алып, тез арада тиісті шаралар қолданатынын жеткізді.


Айта кетейік, бұл бастама алдағы уақытты да жалғасады және Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы халыққа көрсететін қызмет сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізетіні назарда болады.