Шымкентте құқықтық көмек пен цифрлық сервистердің қолжетімділігі артып келеді

0
85

Бүгінде Шымкент қаласында нотариустар, адвокаттар мен заң кеңесшілері халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсетіп келеді.


Шымкентте құқықтық көмек пен цифрлық сервистердің қолжетімділігі артып келеді

Шымкент қаласының Әділет департаменті азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық көмектің қолжетімділігін кеңейту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.

Бұл туралы департамент басшысы Айнұр Исабекова БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Брифинг барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудағы маңызы ерекше атап өтілді.
Конституциялық өзгерістер аясында адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың сапалы заң көмегіне қол жеткізуіне және құқықтарын тиімді қорғауына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Сонымен қатар Конституцияда зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға арналған арнайы норманың енгізілуі шығармашылық, ғылым және инновация салаларын дамытуға тың серпін берді. Бұл авторлар, өнертапқыштар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, еліміздегі креативті индустрияның дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Әділет департаменті құқықтық қызметтерді цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын да қарқынды жүргізуде. Бүгінде тұрғындар құқықтық кеңесті «Е-заң көмегі» қосымшасы, eGov порталы және өзге де онлайн сервистер арқылы ала алады. Сондай-ақ құқықтық мәселелер бойынша тәулік бойы кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-ботты іске қосу жоспарланып отыр.
Нотариат саласында да электрондық қызметтердің үлесі артып келеді. Азаматтар «Е-нотари» платформасы арқылы көптеген нотариаттық әрекеттерді қашықтан рәсімдей алады. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Шымкент қаласында нотариустар, адвокаттар мен заң кеңесшілері халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар апостиль қою және заңды тұлғаларды тіркеу қызметтері де электрондық форматта ұсынылуда.
Әділет департаменті алдағы уақытта да құқықтық көмектің сапасын арттыру, цифрлық сервистерді жетілдіру және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Бөлісу