Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында құрылған ішкі саясат және дін істері басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімінің 2019 жылы атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары жөнінде баспасөз брифингі өтті.
Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева бағдарламаны іске асырудағы 2019 жылы ұйымдастырылған іс-шаралар, негізгі жобалар және 2020 жылға арналған кешенді жоспар туралы кеңінен баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Былтырғы жылы сәуір-желтоқсан айларында бағдарлама аясында жалпы 742 шағын және ауқымды іс-шаралар өткізіліп, онда 431 100 адам қамтылған.
Өлкенің тарихын кеңінен тану, зерделеу мақсатында қала мектептерінде 5, 6, 7 сыныптарға арналған «Өлкетану» және «Өлкетану хрестоматиясы» оқулығын алуға бюджеттен 124 млн. 664 мың 700 тг. бөлініп, 72 380 дана оқулық таратылған.
«Туған жер» жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен Шымкент қаласында құны 3 млрд. 358 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылған.
Сонымен қатар, «Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша 7 тарихи-мәдени ескерткіш жалпыұлттық маңызы бар қасиетті, тарихи жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді.
Көне Сайрам жеріндегі «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Мірәлі баба» кесенелерінің, «Жәми мешітінің» аумағын көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Қаладағы киелі орындар мен туристік маңызы бар 20 ескерткішке QR кодтар орнатылған.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов және Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылған.
Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында «Абай даналығы ‒ халық мұрасы» атты әдеби-композициялық кеш, танымдық сағаттар өтті. «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жанынан қалалық әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығында Этнограф, ғалым, Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың «Дәстүрдің дара діңгегі» атты бұрышы (мүйісі) ашылған.