Шымкентте күрес түрлерінен ел біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті

0
1 141

Балуандар бәсекесі 2-10 наурыз аралығына жоспарланған болатын.


Шымкентте күрес түрлерінен ел біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті

Шымкент қаласында күрес түрлерінен кіші жасөспірімдер және жастар (U15, U20) арасында біріккен ҚР чемпионаты өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Балуандар бәсекесі 2-10 наурыз аралығына жоспарланған болатын.
Елімізде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен біріктірілген ел чемпионаты тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыста республиканың барлық өңірінен, жалпы 1000-нан астам спортшы бақ сынайды.
Кеше сайыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов құттықтау сөз сөйлеп, қала спортшыларының бозкілем бәсекесінде жеңісті дәстүрі бар екенін айта келе жас балуандарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, жиынға даңқты балуан, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев және тағы басқа белгілі жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытумен қатар, жоғары спорт шеберлерін даярлауда жүйелі жұмыстар қолға алынған. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, шымкенттік балуандар әлем және Азия чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды. Кеше жарыстың бірінші күнінде №15 мектептің шәкірті Ерасыл Мұсан 44 келіде жеңімпаз атанғанын айта кетейік.
Аталған ел чемпионатының қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы әлем және Азия біріншіліктеріне қатысу мүмкіндігіне ие болады.