Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының танымал әртістері Бекжан Тұрыс пен Зарина Карменнің қатысуымен «Өнер – өмірдің айнасы» атты шығармашылық кездесу кеші өтті.
Іс-шара барысында кітапхана оқырмандары мен өнерсүйер қауым қонақтармен еркін форматта сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Өз кезегінде кеш қонақтары шығармашылық жолындағы қызықты сәттері мен кездескен қиындықтары туралы естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа өнер саласына қатысты өмірлік сабақтар мен мол тәжірибесімен бөлісті.
Кештің маңызды сәт – кітапхана ұжымы мен жас оқырмандардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы кештің мазмұнын аша түсті.
Айта кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры алдағы жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осы айтулы дата қарсаңында театр ұжымы еліміздің әр өңірін аралап, көрермендермен жүздесіп, театр өнерінің үздік туындыларын ұсынып келеді. Өнер ұжымы 16–19 мамыр аралығында шымкенттік көрермендерге өз репертуарындағы таңдаулы қойылымдарын тарту етпек.