Шымкентте “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпазы анықталды

0
793

Байқауға былтырғы жылы 128 отбасы қатысса, биыл өтінім білдірушілердің саны артып, 178 отбасы байқауға қатысу үшін құжат өткізген.


Шымкентте “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпазы анықталды

Шымкент қаласында "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктері маусым-шілде айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасынан Абай ауданы - 37, Әл-Фараби ауданы - 34, Еңбекші ауданы - 39, Қаратау ауданы – 34, Тұран ауданы – 34 отбасы өтінім білдірген. Былтырғы жылы 128 отбасы құжаттар өткізген болса, биыл өтінім білдірушілердің саны артып, 178 отбасы байқауға қатысу үшін құжат өткізген.

- Отбасы - қай заманда да болмасын ел болашағы жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін ныйғайту арқылы болашағын жарқын ете аламыз. «Мерейлі отбасы» конкрусына қатысып, өнер көрсеткен барша отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңыз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деді марапаттау сәтіне қатысқан Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұрат Шотанов.

Байқау кезеңінде барлық аудандарда комиссия отырыстарысы тікелей эфирде жүргізіліп, іріктеу кезеңінің қорытындысында әр ауданнан 4 үміткерден анықталды. Барлығы 20 отбасы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Шымкент қаласы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы - Бейсбековтар отбасы атанып, Астана қаласында өтетін Республикалық байқауға жолдама алды.

Ақпарат үшін айта кетсек, жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген.

Ұлттық байқаудың мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып отыр.