Шымкентте мереке күні 30 бүлдіршіннің тұсауы кесілді

0
530

1-3 жас аралығындағы балалардың тұсауын елге сыйлы, белгілі азаматтар кесті.


Шымкентте мереке күні 30 бүлдіршіннің тұсауы кесілді
Шымкент қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шарада 30 бүлдіршіннің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
1-3 жас аралығындағы балалардың тұсауын қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, Шымкент қаласының құрметті азаматы Ө.Мелдеханов, қаланың бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы, «Түркістан» сарайының директоры С.Майғазиев пен қолөнер шебері Болат Бейісбеков, Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры У.Әбдірайымов, айтыскер ақын А.Леубаева сынды елге сыйлы, белгілі азаматтар кесті.
Тұсаукесер рәсімінен соң қатысушылар балаларға ақ жол тілеп, ақ баталарын берді.
Балалар күніне орай ұйымдастырылған шарада «Жеті қазына» атты интеллектуалды ойын-сауық ұйымдастырылды. Мұнда балалар төрт топқа бөлініп, «Тәуелсіздік» саябағында көмбеге жасырылған 7 қазынаны іздейді. Ал, этноауылда «асық», «теппе», «асау мәстек» ойнап, «садақ ату», «ат ерттеуден» жарысып, қазақ хандарына шолу жасап, тоғызқұмалақтан есеп шығарудан сайыс өтті. Ал, өскелең қыздар құрақ құраудан жарысты. Сайыс соңында балаларға арнайы сыйлықтар таратылды.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.