Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық қолтаңбаны тиімді пайдалану үшін басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған.
Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру үшін Aleumet жүйесі іске қосылған. Мүгедектігі бар азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, өздеріне қажетті оңалту құралдары мен қызметтерді онлайн түрде рәсімдей алады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 42 919 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адам саны 4 977, екінші топтағылар – 15 455, үшінші топтағылар – 14 015 адам. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі ерекше балалар саны 8 472-ге жеткен.
Өткен жылы мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 53 379 өтінім қамтамасыз етілді. Бұл өткен жылғы (43 640 өтінім) көрсеткіштен едәуір жоғары. Протездік-ортопедиялық көмек құралдары бойынша 10 632 өтінім қабылданып, оның 83,6 пайызы орындалды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар бойынша 29 068 өтінім тіркеліп, 88,9 пайызы қамтамасыз етілді. Мүгедектектігі бар азаматтарға арналған қоларбаларға қатысты өтінімдердің 93,8 пайызы орындалды.
Сонымен қатар жеке көмекші мен ымдау тілі мамандарының қызметіне мұқтаж 3 134 азаматтың 3 106-сына қызмет көрсетілді. Шипажай-курорттық емделуге жолдама алу үшін 15 361 өтінім қабылданып, 13 970 азамат қамтылды. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жабдықталған инватакси қызметі де көрсетілуде. Қазіргі таңда қалада 38 инватакси көлігі жұмыс істеп тұр.
Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық қолтаңбаны тиімді пайдалану үшін басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Сонымен қатар басқарма қызметкерлері әрбір мүгедектігі бар азаматқа жеке көмек көрсетіп келеді.


