Құқық бұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі.
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Күн тәртібінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес шаралары сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
- Құқық бұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі. Рейд жұмыстары барысында тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталды. Осыған байланысты жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын айқындау қажет, - деп ұсыныс білдірді полиция генерал-майоры Думан Таев.
Өз кезегінде қала әкімі, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді алдағы уақытта заң шеңберінде қарастыратынын, бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізуді тиімді деп ойлайтынын жеткізді.
- Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайларға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, - деді Ғабит Әбдімажитұлы.