«Отбасын қолдау орталығы» ашық есік күні отбасы құндылықтарын көтеру мен қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуде маңызды қадам болды. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді талқылауға және азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған ашық есік күні өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік әлсіз топтарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, сондай-ақ жалғыз басты аналар мен көпбалалы жанұяларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыда нақты көмек көрсету болды.
Ашық есік күніне түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, әр сала бойынша кеңес беріп, туындаған сұрақтарға жауап ұсынды. Атап айтқанда, іс-шараға «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры А. Қалымбет, Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Д. А. Сахибекова, Шымкент қаласы №2 МӘС бөлімінің басшысы Г. Кожабаева, Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы М. Таксанбаева мен бөлім басшысы М. Б. Диканбаева, сондай-ақ «Отбасын қолдау орталығы» заңгері Ж. Асылбеков қатысты. Бұған қоса, іс-шарада «Әділет-Ақпарат» кәсіпкерлер және тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н. Жанзақов, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Л. Ақшегірова, және Шымкент қаласы заңгерлер палатасының заңгері Н. А. Мырзабай болды.
Кездесу барысында қатысушылар қоғамның әлжуаз топтарына арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіріп, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту, даулы мәселелерді медиация және заң аясында шешу жолдарын қарастырды. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқығын қорғау, ата-аналық жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Арнайы мамандар тұрғындардың сауалдарын тыңдап, әлеуметтік көмек, жәрдемақы алу, тұрғын үй және жұмысқа орналастыру бойынша практикалық нұсқаулықтар берді.
Әлеуметтік қолдау көрсету барысында жалғыз басты аналар мен толық емес отбасыларға психологиялық және құқықтық кеңес ұсынылды. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашуға немесе қайта даярлау курстарынан өтуге мүмкіндік берілетіні түсіндірілді. Бұл өз кезегінде азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Шараның маңыздылығын атап өткен орталық директоры А.Қалымбет: «Ашық есік күндері – халық пен әлеуметтік мекемелер арасындағы сенімді байланысты нығайтудың тиімді жолы. Біз бұл дәстүрді тұрақты түрде жалғастырып, әрбір отбасының мәселесіне жанашырлықпен қарауға тырысамыз», – деді.
Іс-шара соңында қатысушылар осындай кездесулердің қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және өзара түсіністікті дамытуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
«Отбасын қолдау орталығы» ұйымдастырған ашық есік күні – тек ақпараттық шара емес, сонымен бірге адамдардың жүрегіне үміт пен сенім ұялатқан маңызды әлеуметтік акция болды. Мұндай бастамалар отбасылардың берекелі өмір сүруіне, балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, қоғамда өзара қолдау мен қамқорлықтың артуына ықпал ететіні сөзсіз.
Орталық басшылығы алдағы уақытта да мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайту, әрбір отбасының әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.
Жалпы алғанда, ашық есік күні – отбасылық құндылықтарды дәріптеудің, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудың жарқын үлгісі болды. Бұл бастама алдағы уақытта да өзінің оң нәтижесін беріп, Шымкент қаласында әлеуметтік қолдаудың жаңа деңгейіне жол ашатынына сенім мол.


