Шымкентте өткен жылы 30-дан астам жекеменшік балабақша ашылды

0
871

Нәтижесінде қаладағы 587 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 85 830 баланың 79 857-сі балабақшамен қамтылды.


Шымкентте өткен жылы 30-дан астам жекеменшік балабақша ашылды

Шымкент қаласында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты мәселелердің қатарында екені анық. Нақтырақ айтатын болсақ, елімізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Осы олқылықты шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берген болатын
«Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуі тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», - делінген жолдауда.
Аталған мәселе миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында да күн тәртібінен түскен емес.
— 2022 жылы 2-6 жас аралығындаға бүлдіршіндерді балабақшамен қамту - 76,2 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз қамту жоспарланған-ды. Былтыр Шымкентте 2710 орынға арналған 33 жекеменшік балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары толығымен орындалды. Нәтижесінде қаладағы 587 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 85 830 баланың 79 857-сі балабақшамен қамтылып, жалпы көрсеткіш 93 пайызға жетті. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 63 601 бала толығымен, яғни 100 пайыз мектепке дейінгі ұйымға қабылданған. Ал, 2-6 жас аралығындағы 81 314 баланың 76 619-Ы балабақшамен қамтылып, бұл 94 пайызды құрап отыр, - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.
Сондай-ақ, Шымкентте «Бір топта күні бойы екі педагог» пилоттық жобасы іске қосылды. Яғни, қаладағы 3 балабақшада — №56 және №63 мемлекеттік, «Әйгерім» жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымында жүргізіліп отыр.
Айта кетейік, Шымкентте 2025 жылға 2-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуді 95,2% пайызға жеткізу мақсатында жаңа 9000 орын ашу жоспарлануда.