Басылымның бас редакторы Д.Қыдырәлі осынау бастаманы шымкенттік ноу-хау деп атап, аталмыш жобаның жүзеге асуына мұрындық болған қала әкімдігіне шын жүректен алғыс білдірді.
Бүгін Шымкент қаласы Бозарық тұрғын алабында республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің атына көше берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты іс-шараға жазушы, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, республикалық "Егемен Қазақтан" газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
"Сәуірдің сәуле шашқан шуақты, шұғылалы күнінде, қайырымды қала Шымкенттің Бозарық елдімекенінде байтағымыздың бас басылымы "Егемен Қазақстанның" атына көше берудің қуанышты оқиғасында бас қосып отырмыз. "Егемен Қазақтан" - сәулесі бар, сәуесі бар тарихы терең, жөні бөлек, жосығы ерек басылым. Арысы Алаш арыстары, берісі Шерхан, Әбіш, Сауытбек секілді тұлғалар басқарған, қазір Ұлттық ғылым академиясының академигі Дархан Қыдырәлі басқаратын еліміздің бас газеті. Құдай қаласа, осы көшеде шаттықты күндер көп болсын! Ұрпақтар көбейіп, еліміздің несібесі арта берсін", - деді қаламгер М. Байғұт.
Басылымның бас редакторы Д.Қыдырәлі осынау бастаманы шымкенттік ноу-хау деп атап, аталмыш жобаның жүзеге асуына мұрындық болған қала әкімдігіне шын жүректен алғыс білдірді.
"Бұл күн - қазақ баспасөзі үшін тарихи сәт. Күні кеше "Егемен Қазақстанның" жүз жылдығы аталып өткен еді. Енді міне, тағы бір қуаныштың куәсі атанып отырмыз. Бұл тек газетке емес, оны басқарған Алаш арыстарына жалпы қазақ баспасөзіне көрсетілген құрмет деп білемін. Газеттің ең үлкен оқырманы Шымкент қаласында. Мұнда 50 мыңнан астам оқырманымыз бар. Өткен жылы үшінші мегаполиске арнап арнайы бет аштық. Шымкент әрдайым жақсылықтың жаршысы бола берсін. Жас буын жетілген сайын оқырман да көбейеді деген сенімдеміз", - деді ол.
Қуанышпен бөлісуге келген ауыл биі Серік Байсапаров жиналған көпшілікке ақ батасын беріп, көшені таза ұстауға тұрғындар атынан уәде беретінін айтып, басқа да аты жоқ көшелерге тезірек атау берілсе деген тілегін жеткізді.
Айта кетейік, биыл Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде атауы жоқ 325 көшеге атау берілді.
Олардың қатарында еліміз үшін жоғары маңыздылыққа ие басылым атаулары мен радио, әдеби шығармалар атаулары бар. Атап айтсақ, «Егемен Қазақстан", "Ана тілі", "Қазақ радиосы", "Жас алаш", Абай жолы, Қалқаман – Мамыр, Ақ білек, Қамар сұлу секілді көше аттары пайда болды.