Аталған шараның мақсаты - Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заң талаптарын түсіндіру.
Шымкент қаласындағы көрнекі ақпарат және жарнама мәтіндерін ретке келтіру мақсатында «Сәтті жарнама» атты қалалық акция өткізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған шараның мақсаты - Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заң талаптарын түсіндіру.
Жоспар бойынша Шымкент қаласының этнос өкілдері тығыз шоғырланған 32 тұрғын алаптағы кәсіпкерлік нысандарда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заң талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау мен зерделеу жұмыстары іске асуда.
Бекітілген кестеге сәйкес Бозарық, Қатын көпір, Қызылжар, Тұрлан, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Ескі қала, Көркем, Қарасу, Химфарм шағын аудандарда, Қайнарбұлақ, Базарқақпа, Абдулабад, Тұрдыабад, Бадам-1 тұрғын алаптарында, Қайнарбұлақ саяжайында орналасқан кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптары көрсетілген арнайы брошюралар таратылып, түсіндіру жұмыстарды жүргізілді.
Нәтижесінде 312 кәсіпкерлік нысанды аралап, 160 нысан иелеріне ескерту берілді. Түсіндіру жұмыстарына қалалық Ассамблеяның өкілдері тартылып, өткізілген акциялар «Instagram» (shymkent_ madeniet), «Facebook» (Мәдениет басқармасы) әлеуметтік желілері арқылы жариялануда.
Сауда және қызмет көрсету объектілер, сауда ойын-сауық орталықтары, көпшілік тамақтанатын орындар қызметті қажеттілігіне қарай мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде де жүргізіледі.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ, «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ, Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Бадам» тұрғын алабындағы 8 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде коммерциялық 5 нысанның маңдайшасы заң талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарының сақталуы жөніндегі парақшалар таратылып, ақпараттық ескерту жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасын табады.