​Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнімдегі үлесі 58 пайызға жетті

0
241

Инфрақұрылымдық қолдау бағытында 45 мың шаршы метр аумақты қамтитын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл алаңдарда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.


​Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнімдегі үлесі 58 пайызға жетті

Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын орындау аясында Шымкент қаласы еліміздегі кәсіпкерлік рухы ең жоғары өңірлердің біріне айналды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдаудың нақты нәтижелері мен алдағы жоспарларына кеңінен тоқталды.

Соңғы үш жылдың ішінде Шымкенттегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға дейін артып, бұл секторда еңбек ететін азаматтардың саны 250 мыңнан асып жығылды. Бұл көрсеткіш қала экономикасының әртараптанып, жеке сектордың рөлі айтарлықтай күшейгенін аңғартады.

Қала әкімі атап өткендей, шағын және орта кәсіпкерлік — мегаполис экономикасының берік іргетасы. Биыл бұл саланың дамуын ынталандыру үшін мемлекет тарапынан 20 млрд теңге қаржы бөлініп, соның негізінде 1 971 бизнес-жоба нақты қолдауға ие болды. Мұндай ауқымды инвестициялық қолдау тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қаланың жалпы өңірлік өніміндегі (ЖӨӨ) ШОБ-тың үлесін 41 пайыздан рекордтық 58 пайызға дейін жеткізді. Бұл Шымкенттің нағыз кәсіпкерлер қаласына айналғанының басты дәлелі болып табылады.

Инфрақұрылымдық қолдау мәселесі де әкімдіктің басты назарында. Қазіргі таңда жалпы аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы мәресіне таяп қалды. Бұл нысандар іске қосылғанда 50-ден астам жаңа шағын кәсіпорын жұмысын бастап, қаланың 300-ден астам тұрғыны тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Мұндай өндірістік алаңдар жас кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымы бар тиімді старт-алаңға айналмақ.

Бизнесті қолдаудың тағы бір маңызды құралы — фискалдық жеңілдіктер. Шымкентте бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шешім кәсіпкерлердің салық жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, бизнесті көлеңкеден шығаруға септігін тигізді. Нәтижесінде салық түсімдері 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін, яғни үш еседен астам өсті. Алдағы уақытта жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен жеңілдікке ие болатын кәсіпкерлердің саны бүгінгі 8 мыңнан 102 мыңға дейін жетеді деп болжануда. Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, Шымкент қаласы бұдан былай да кәсіп иелері үшін ең қолайлы және ашық мегаполис болып қала бермек.

Бөлісу