Шымкентте спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді

0
405


Шымкентте спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының маңыздылығына тоқталып, саланы дамытуда жергілікті өзін-өзі басқару органдарына демеушілер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін жеткізген болатын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.




Бұл ретте тұрғындардың да белсенділік танытуы маңызды. Ол үшін ең алдымен мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы керек.

Бүгінде Шымкентте дене шынықтыру мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ден қойылған. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында серуендеу алаңдары мен түрлі орталықтар пайдалануға берілуде. Саябақтар мен қоғамдық орындар да азаматтардың жаттығу жасап, дене шынықтыруына қолайлы жасалуда.

Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша жүгіру және веложолы бар жаңа серуендеу алаңы пайдалануға берілді. Жол бойында бірнеше жаттығу алаңдары салынған. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Қазір Нұрсәт шағынауданында, қала әкімдігінің жанындағы саябақта тағы бір жүгіру жолы салынуда.

Айта кетейік, Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері Шымкентте салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 97 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Қазіргі таңда мегаполисте 33 спорт ұйымында 74 спорт түрі дамып келеді.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін «SPORT LIFE» шағын футбол орталығын және үш спорт залы бар «ЕЛАМАН» спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.