"Бұл халыққа жақын болуға сеп"
ERNUR.KZ. Шымкентте судьялар шешендік өнерден дәріс алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қалалық сотында өткен семинар сабақты ҚР Жоғарғы соты мен Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі, "Ел тірегі" шағын және орта бизнесті қазақстандық қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған. Екі күн бойында сарапшы, конфликтолог, шешендік өнерден тренер Меруерт Жүнісбек пен ҚР Жоғарғы сотының үш судьясы даулы жағдайларды тиімді шешудің құралдары мен тараптарды бір шешімге келтіру тәсілдеріне үйретті.
"ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы сот актілерінің сапасын арттыру туралы міндет қойылған еді. Сондықтан да бірқатар іс шаралар қолға алынған. Сот актілері-қоғамның сот жүйесінен күтетін жалғыз өнім. Сот үкімдерінің халыққа түсінікті, қарапайым тілде болғаны маңызды. ҚР Жоғарғы Соты 7 жоба қолға алған. Солардың бірі сапалы сот актісі. Сол жоба аясында Шымкентке кеп тұрмыз. Бізбен бірге шешендік өнер бойынша сарапшы жұмыс істейді. Судьялардың барлығы бірдей сот актілерін түсінікті етіп жазып, елге ұғындырып түсіндіре алады деп айта алмаймыз. Сондықтан да осындай семинарлар қолға алынған. Сот процесіне келген барлық тұлға сот актісін толық ұғына алу керек. Сотзалына даулы мәселені шешілуі үшін келеді жұрт. Барлығы бірдей заң тілін түсініп, юртерминдерді тереңдей біледі деп айту қиын. Судья үкім не шешім оқылғаннан кейін егжей-тегжейлі түсіндіріп беруі міндетті. Бұл халыққа жақын болуға сеп", - деді ҚР Жоғарғы сотының судьясы Гүлжан Әлмағанбетова.
Айта кетейік, шешендік өнер сабақтарына Шымкент қаласының, Түркістан облыстық сотының, сонымен қатар аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары қатысты.