Шымкентте сұйытылған газ тапшылығын болдырмау бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр

0
569

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.


Шымкентте сұйытылған газ тапшылығын болдырмау бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр

Шымкент қаласында сұйытылған газ тапшылығын болдырмау бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалада сұйытылған газ саудасымен 224 станциясы бар 29 компания айналысады. Бүгінде соның ішінде 8 компанияға қарасты 76 станцияда газ бар және тұтынушыларға еркін сатылып жатыр.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
Оның айтуынша, тағы 6 компанияға қарасты 55 газ станциясында сұйытылған газ талон бойынша босатылса, басқа станцияларда газ жоқ.
Ресми мәліметке сүйенсек, тапшылықтың туындауына Шымкент қаласында газбен жұмыс істейтін көліктердің көбеюі себеп болған. 2022 жылдың сәуір айында Шымкентте осындай көліктердің саны 47 мыңды құраған еді. 2023 жылдың ақпан айында сұйытылған газбен қозғалатын көліктердің саны 51 300-ге жеткен. Ал, Шымкент қаласына бөлінген квота айына 6 500 тонна күйінде қалып отыр.
Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі Энергетика министрлігіне қосымша 1 мың тонна сұйытылған газ бөлу туралы өтінім жолдаған. Әзірге 360 тонна қосымша сұйытылған газ бөлініп, ол Павлодар зауытынан шығып, Шымкентке қарай тасымалдануда.
Сонымен қатар, Шымкент мұнай өңдеу зауыты 15 сәуірге дейін жөндеуге тоқтатылған еді. Елдегі жағдайға байланысты бұл зауыт 8 сәуірде мерзімінен бұрын іске қосылып, 9 сәуірден бастап өз өнімдерін нарыққа шығара бастайды.
М.Исаховтың айтуынша, осы екі мәселе толық шешілгенде Шымкентте сұйытылған газ тапшылығы жойылады.

Айта кетейік, 7 сәуірде Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПҚОП» ЖШС) жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарын аяқтады. Кестеге сәйкес, кәсіпорындағы ЖАЖ осы жылдың 15 наурызынан 8 сәуіріне дейін жүруге тиіс еді. Алайда «ПҚОП» ЖШС жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, ішкі нарық үшін өнім шығара бастады. Жөндеу жұмыстарына 22 мердігер ұйым мен 1305 маман тартылды.