​ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА КЕЗЕКТІ АКЦИЯ ӨТТІ

0
62

Мұнда оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту, әрбір азаматтың тазалықтың және табиғи ресурстардың сақталуына қосатын үлесі жайлы түсіндіріліп, арнайы дәріс өткізілді.


​ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА КЕЗЕКТІ АКЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгін қала жастары Металлург саябағында бас қосып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Шараға қалалық Жастар ресурстық орталығының белсенділері, еріктілер және түрлі оқу орындарының студенттері қатысты.

Жастар ресурстық орталығының директоры Жансерік Жұманның айтуынша, акцияға қатысушылардың көп болуы экологиялық мәдениеттің артып келе жатқанын көрсетеді.
– Жалпыұлттық акцияға атсалысуға жиналған жастардың белсенділігі қуантады. Олар қала тазалығына үлес қосып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болуда. Сондай-ақ, тұрғындарға экологиялық мәдениетті дәріптеп, өз істерімен дәлелдеп жатыр, – деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясынан қала мектептері де қалыс қалмады. Шымкент қаласындағы №75 жалпы орта мектеп ұжымы мен оқушылары жалпыұлттық акцияға өз үлесін қосты.
Мұнда оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту, әрбір азаматтың тазалықтың және табиғи ресурстардың сақталуына қосатын үлесі жайлы түсіндіріліп, арнайы дәріс өткізілді. Оқушылар топ-топқа бөлініп, экологияны сақтау үшін тиімді ұсыныстарын айтты. Мұндай іс-шаралар қаладағы барлық мектептерде ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстары қаланың өзге де аудандарында жалғасты. Еңбекші ауданында Ә.Әлімбетов көшесіндегі №195 және №197 үйлердің аулаларында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Аудан тұрғындары және коммуналдық сала өкілдері бірігіп, аумақты қоқыстан тазартып, ағаш бұталары кесілді. Кейбір тұрғындар ағаш діңдерін әктеп, жасыл желекті жаңа маусымға дайындауға атсалысты.
Еңбекші ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Пернебай Айтжанов мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын, сондай-ақ олардың қала экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Абай ауданы Асар шағын ауданында Жантөре көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулаларында да тұрғындардың қатысуымен тазалық шаралары өтті. Әл-Фараби ауданында Теріскей шағын ауданындағы №39, №43, №44 және №46 үйлердің аулаларында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Қаратау ауданында Нұрсат шағын ауданындағы №1 үйдің тұрғындары мен «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы өкілдері бірлесіп, аумақты қоқыстан тазартып, қатысушылар үлкен белсенділік танытты.
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдық сананы қалыптастыруға және қала экологиясын жақсартуға елеулі үлес қоспақ.
Бөлісу