Акция барысында 10 170 бірлік техника жұмылдырылып, 18 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.
Шымкент қаласында сәуір айынан бері өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған шараға 230 мыңға жуық тұрғын, 2301 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 687 әлеуметтік мекеме қатысты.
Шымкент қаласы бойынша экология департаменті 2024 жылдың алғашқы 8 айындағы жұмыстары туралы есеп берді. Брифинг барысында экологиялық бақылау, су ресурстарының сапасы және ауаның ластануын қадағалау бойынша маңызды нәтижелер жарияланды.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы - Қозыбаев Ермахан Тастанбекұлы баяндады. Департаменттің негізгі міндеті – қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қарау және әлеуметтік желілердегі экологияға қатысты жарияланымдарға назар аудару.
Айта кетейік, 2024 жылы департамент 94 объектіні тексеріп, 1 249 сынама алып, 7 585 талдау жүргізді. Ауаның, судың және топырақтың сапасы мұқият зерттелді. Әсіресе, қала арқылы өтетін Қошқар-Ата және Қарасу өзендеріндегі су сапасы нашарлаған. Қошқар-Ата өзенінде шекті рұқсат етілген ластаушы заттардың концентрациясы 1,5 есеге өскені анықталды.