​ШЫМКЕНТТЕ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛДЫ: «Гриппол плюс» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілді

0
529


​ШЫМКЕНТТЕ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛДЫ: «Гриппол плюс» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілді

Шымкент қаласына Ресейдің «Петровакс Фарм» компаниясы шығарған «Гриппол Плюс» үшвалентті тұмауға қарсы вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілді.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында баспасөз конференциясында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы баяндап берді.

Сәуле Сансызбайқызының айтуынша, вакцина қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында сақталып, медициналық мекемелерге таратылуда. Жаппай иммундау науқаны аясында 2024 жылы қала халқының шамамен 12-12,5%-ы қамтылатын болады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының өкілі екпе 2024 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Шымкент қаласының емханаларында тегін егілетіндігін атап өтті. Тегін вакцинация келесі тәуекел топтарына арналған:
• медицина қызметкерлері;
• алты айдан асқан жиі ауыратын балалар;
• білім беру ұйымдарындағы және балалар үйлеріндегі балалар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• жүрек-қантамыр және тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар;
• жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер.
2024 жылы Шымкент қаласының тұрғындарын жаппай иммундау шараларының басты мақсаты – халықтың әлсіз топтарын қорғап, тұмаудың кең таралуын болдырмау. Жергілікті билік тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинациялау науқанына белсенді қатысуға шақырады.

Еске салсақ, аталған баспасөз конференциясында күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түсетіндігін және бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты екендігі айтылған болатын.

Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы кеңінен баяндады.

Бөлісу