Шымкентте тұрғындар көтерген мәселелерді шешу жолдары талқыланды

0
77

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешудің ықтимал жолдарын жауапты сала басшыларымен бірге талқылады.


Шымкентте тұрғындар көтерген мәселелерді шешу жолдары талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданындағы бірқатар елді мекен тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, азаматтардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Кездесу барысында Ұлағат шағынауданы, Алдияров көшесі, Достық, Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарының тұрғындарымен күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, көшелерді кеңейту, балалар ойын алаңдарын салу, бейнебақылау камераларын орнату, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдаршамдар мен жасанды жол кедергілерін орнату, қоғамдық көлік бағыттарын ұзарту, аумақтарды абаттандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар тұрғындар кәріз желілеріне қосылу, электр желілерін қайта жаңғырту, трансформаторлық қосалқы станциялардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Атап айтқанда, Ұлағат шағынауданында балабақша мен емхана салу, ал Тоғыс тұрғын алабында спорт кешенін салу қажеттігі айтылды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешудің ықтимал жолдарын жауапты сала басшыларымен бірге талқылады. Әр бағыт бойынша алдағы жұмыстар мен нақты қадамдар айқындалды.
Кездесу барысында қала басшысы тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы мен нақты ұсыныстары үшін алғыс білдірді.
Мұндай көшпелі кездесулер қала аумақтарындағы жағдайды жергілікті жерде зерделеп, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді тікелей анықтауға және азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Бөлісу