Әлеуметтік сала мамандарының түсіндіруінше, бұл жүйе әділдікті қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға қолдауды дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы Тұран ауданында пилоттық жоба шеңберінде скорингтік модельді енгізу бойынша түсіндірме жиналысы өтті.
Кездесуге Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының және «Отбасы банк» өкілдері қатысып, халыққа әлеуметтік көмектің жаңа тәсілін таныстырды.
Мамандардың айтуынша, енді мемлекеттен берілетін қолдау отбасылардың нақты жағдайына қарай есептеледі. Ол үшін «скоринг» жүйесі қолданылады. Бұл жүйе отбасының табысын, үйі мен көлігінің бар-жоғын, материалдық жағдайын ғана емес, сонымен қатар әлеуетін, өзін-өзі жүзеге асыру қабілетін де бағалайды.
Жаңа тәсіл бойынша отбасылардың әл-ауқаты 6 санатқа бөлінеді. Бірінші деңгейден бесінші деңгейге дейінгі топқа кіретін отбасыларға мемлекеттен қосымша көмек көрсетіледі. Ал алтыншы деңгейге жататын, табысы жоғары, бірнеше мүлкі бар отбасыларға жергілікті бюджет есебінен қосымша көмек берілмейді.
Әлеуметтік сала мамандарының түсіндіруінше, бұл жүйе әділдікті қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға қолдауды дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жаңа скорингтік модель әзірге пилоттық жоба ретінде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында енгізіліп отыр. Жоба тиімділігін дәлелдеген жағдайда, алдағы уақытта бүкіл ел бойынша қолданылатын болады.