Шымкентте туроператорлар қызметіне сұраныс артқан

0
634

Қазіргі уақытта қаламызда 10 туроператор лицензиямен жұмыс істеп жатыр.


Шымкентте туроператорлар қызметіне сұраныс артқан

Шымкентте ішкі және сыртқы туризм қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтар болсақ, өткен жылы шаһарға 400 мыңға жуық турист келген. Осы ретте туризм саласында туристік операторлардың қызметі маңызды екені анық. 2021 жылы Шымкентте 7 туроператор тіркелген болса, қазіргі уақытта қаламызда 10 туроператор лицензиямен жұмыс істеп жатыр.
Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының мәліметінше, туроператор болып тіркелудің ережелері бар. Алдымен www.egov.kz, www.elicense.kz порталдарында өтініш қалдырып, лицензия алу қажет.
Жауапты басқарма мамандары туроператорларға лицензия берілмеуінің бірнеше себебі бар, дейді. Атап айтқанда, олар:
- Лицензиялық алым төленбеуі;
- көрсетілетін қызметті алушының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;
- көрсетілетін қызметті алушыға қатысты туроператорлық қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болса;
- сот орындаушысының ұсынуы негізінде сотқа борышкерге көрсетілетін қызметті алушыға лицензия беруге уақытша тыйым салынса.
- көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігі анықталса;
- көрсетілетін қызметті алушының біліктілік талаптарына сәйкес келмесе (заңды тұлғаны бөлу немесе бөлініп шығу нысанында қайта ұйымдастыру негізінде).
Айта кетейік, шаһарда соңғы жылдары туроператор қызметіне сұраныс артқан. Демалыстың қауіпсіз және кәсіби түрде өтуі олардың заңды жұмыс жасауына тікелей байланысты болғандықтан «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы туроператорлармен тікелей жұмыс жасап, олардың санын арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Осы мақсатта гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлері арасында жыл сайын семинар ұйымдастырылады. Осымен үшінші жыл қолға алынған семинар биыл қазан айында өтеді деп жоспарланған. Семинар-тренингті бизнесті дамыту, нарықта брендті сату және ілгерілету жөніндегі кеңесшілер, сертификатталған шетелдік коуч-мамандар және топ позицияларында ұзақ жұмыс өтілі бар жергілікті білікті практиктер жүргізеді.