Шымкентте «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы аясында 23 адам жұмысқа орналасқан

0
167

Жобасы аясында былтыр қалада 23 адам жұмысқа орналасты.


Шымкентте «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы аясында 23 адам жұмысқа орналасқан

ERNUR.KZ. Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында «Ұрпақтар келісім шарты» бағыты жүзеге асырылуда.


Бағдарлама шартына сәйкес, жас маман тәжірибелі кәсіпқой маманның зейнет жасына 6 ай қалған мерзімде жұмысқа қабылданып, кейіннен орнын алмастырады. Жобаға қатысу мерзімі – 18 ай. Жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш (110 760 теңге) көлемінде төленеді.

«Ұрпақтар келісім шарты» жобасы аясында былтыр қалада 23 адам жұмысқа орналасты. Солардың бірі – Назерке Мұсабекова. Ол 2022 жылы Шымкент көпсалалы медициналық колледжін бітіріп, қалалық Еңбек мобильді орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген. Аз уақыттың ішінде қаладағы Орынбаев медициналық орталығына жолдама алған.

– Бірден жұмыс табылғанына қатты қуандым. Мамандығым – фельдшер. Емханадағы екпе бөліміне медбике болып орналастым. Жұмыс істеу барысында тәжірибелі мамандардан тамыр ішіне екпе салуды, ауыр науқастармен жұмыс жүргізуді үйрендім. Алты айдан кейін тұрақты жұмысқа қабылдандым. Өзге жас мамандарға да оқуды бітіре салысымен жұмыссыз ретінде тіркелуге, орталық жолдаған мекемелерге жұмысқа жүрексінбей баруға кеңес беремін, – дейді ол.

Биыл бағдарлама аясында 20 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жобаға қатысу үшін қалалық Еңбек мобильдігі орталығына өтініш тапсырады. Ол үшін қатысушы оқуды аяқтағанына 2 жыл толмаған және жасы 35-тен аспаған болуы керек. Сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі шарт.