Шымкентте жаңа даму бағдарламасы қабылданды

0
2 394

Бағдарлама аясында 42 инвестициялық жоба іске асырылады.


Шымкентте жаңа даму  бағдарламасы қабылданды

Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы қабылданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа бағдарлама аясында 3 бағыт: өңір экономикасының өсімі, өмір сүруге жайлы және қауіпсіз өңір және өмірдің жаңа сапасын қамтамасыз ету бағыттары бойынша ауқымды жобалар іске асырылмақ.
Бірінші бағытқа сәйкес, шетелдік инвесторлардың қатысуымен (Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Испания, Франция) кемінде 15 жоба жүзеге асады. Оған 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылады.
Агроөнеркәсіп саласында 136 га «Агроиндустриалды аймақ» құрылып, 89 га өндірістік жылыжай салынбақ. Бұл бойынша 42 инвестициялық жоба іске асырылады.
Екінші бағытпен 2021 жылы 10 елдімекенді сумен жабдықтау және 2022 жылға дейін 8 елдімекенді сумен қамтамасыз ету үшін тағы 3 магистралдық құбыр салу жоспарда тұр. Тұрғын үй саласында 5 жылда 3 миллион шаршы метр баспана немесе 47 мың пәтер салу көзделіп отыр.
Үшінші бағытқа сәйкес, 5 жылда 24 мектеп және 13 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде апатты мектептердің мәселесі толық шешіледі.
Денсаулық сақтау саласында, шетелдің заманауи технологиясымен жабдықталған 1 000 орындық көпсалалы аурухана, 10 медициналық мекеменің құрылысы қолға алынбақ.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 6 стрит-воркаут және 73 спорт алаңы ашылады.