Шымкентте жаңа өндірістік аймақтар салынып, 900 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асуда

0
54

Ғабит Сыздықбеков екі ірі жобаның аяқталуға жақы екенін атап өтті. Біріншісі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте өңірдің барлық тауар ағынын қабылдап, таратуға мүмкіндік беретін «Өңірлік хаб» құру жұмыстары.


Шымкентте жаңа өндірістік аймақтар салынып, 900 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асуда

Шымкент қаласында өндірістік аймақтарды дамыту, кеңейту және жаңа инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала аумағында екі жаңа өндірістік аймақ салынуда, тағы үш өндірістік аймақты кеңейту жұмыстары қолға алынған. Бұл аумақтарда жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 13 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

«Өндірістік аймақтарды көбейту – мегаполистің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын айқындайтын маңызды қадам. Инвесторлар үшін инфрақұрылымы толық дайын алаңның болуы шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты біз жаңа индустриялық аймақтар құрып, қолданыстағы аумақтарды кеңейтіп, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастырып отырмыз. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді», – деді қала әкімі.

Ғабит Сыздықбеков екі ірі жобаның аяқталуға жақы екенін атап өтті. Біріншісі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте өңірдің барлық тауар ағынын қабылдап, таратуға мүмкіндік беретін «Өңірлік хаб» құру жұмыстары. Осы мақсатта Сауда-логистикалық орталықты кеңейту жобасы жүзеге асуда және ол келесі жылы толық аяқталмақ. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, сауда мен бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Екіншісі – «Стандарт» жеке индустриялық аймағының іске қосылуы. Мұнда өндірістік аймақпен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары салынған.

Бөлісу