Шымкентте халықаралық "Отбасы күні" аталып өтті. Мерекелік шарада жас отбасыларға неке қию туралы куәлік табысталып, отбасы құндылықтары жайлы баяндалды.
Халықаралық ""Отбасы күніне" орай, Шымкент қаласында "Берік отбасы - мемлекет тірегі" деген атаумен өткен мерекелік шарада 5 отбасыға неке қию куәлігі салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Әбдіхалық пен Гаухардың отбасын құрғандарына 1 айдан асыпты. Бұған дейін олар 3 жылдай араласып, бір-бірімен көңіл жарастырған. Қазірде жас отбасы ата-анасымен бірге пәтер жалдап тұрады. Алайда, болашақта баспана кезегіне құжат тапсыруды жоспарлап отыр. Екі жасқа Шымкент қаласы АХАТ бөлімінің маманы салтанатты түрде неке қию туралы куәлігін табыстады. Бүгін бұл жұптан өзге тағы төрт жас жанұя осы құжатқа қол жеткізді.
"Менің ұғымымда отбасыда алдымен сыйластық, ауызбіршілік, екеуара түсіністік болса, жанұяда береке болады. Мен өзім қаладағы ірі сауда орнында кеңесші болып қызмет етемін. Жарым әлі студент. Ал, пәтер мәселесін жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы алсақ. Болмаса, Алланың берген несібесін жиып көрерміз. бірақ, үй кезегіне тұрайын десек, 2 жыл некеде болу керек деген мәселе туындап жатыр. Сосын тағы кемі 2 жыл күтер болсақ, 4-5 жылымыз өтіп кететін секілді. Сондықтан өзіміз әрекет жасап жатырмыз",- дейді Әбдіхалық Әбдіжаппарұлы.
Сондай-ақ, шарада 7 баланың әкесі, ақын, "Дарын" жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, жастарға отбасы құндылықтары жайлы баяндады.
"Отау құрған кезде бұл менің тағдырым, бұл менің Алла берген жан жарым деп қараған кезде ғана, отбасының қиыншылығына, ыстық-суығына бірге төзуге болады екен. Қазақта "ыдысаяқ сылдырламай тұрмайды" деген әдемі сөз бар. Ыдысаяқ сылдырлаған кезде жігіт пен әйел қоя салу керек жерін білу қажет. Отбасыда кикілжің туғанда аналарымыз жұмсарып қоя салатын еді көп жағдайда. Жұбайлар бір-бірінің ашуын өткізіп жіберсе, отбасын сақтаудың ең үлкен тетіктерінің бірі осы. Біздің шариғатымызда ер мен әйелдің өзіне белгілеп берген міндеттері бар. Ер адам бірінші отбасын асырауға, әйелі не ішемін десе де, не кисе де дәл солай әйелін киіндіруге, бала-шағасын асырауға, олардың баспанамен қамтамасыз етуге және ауырса емдетуге міндетті екен. Ал, енді әйел адамның міндеті, күйеуінің қас-қабағына қарап, күйеуі тауып келген ризыққа риза кейіппен ысырапқа берілмей жарата білу әйел адамның отбасындағы міндеті. Көп жағдайда біз осы нәрселердің орнын ауыстырып алып жатамыз",- дейді Біржан Байтуов.
Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма мен Әлеуметтік қорғау басқармасы бірлесе отырып ұйымдастырған шараның мақсаты "Отбасы күнінің" идеологиялық маңызын насихаттап, жаңадан отау құрған отбасыларға Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыра білу. Және де отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу болып табылады.