Шымкентте жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты басталды

0
87

Басқа өңірлерде ауа райының салқындығына байланысты жаттығулар жабық залдарда өтсе, Шымкентте жыл бойы ашық алаңда дайындық жүргізуге мүмкіндік бар.


Шымкентте жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты басталды

Шымкент қаласында 2012–2013 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикалық төрт сайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.

Екі күнге созылатын жарысқа еліміздің 14 өңірінен келген 17 командадан құралған 188 спортшы қатысуда.

Шараның ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова арнайы келіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, Шымкент қаласының қолайлы климаты жеңіл атлетиканың дамуына ерекше жағдай жасап отыр. Басқа өңірлерде ауа райының салқындығына байланысты жаттығулар жабық залдарда өтсе, Шымкентте жыл бойы ашық алаңда дайындық жүргізуге мүмкіндік бар.
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменовтың айтуынша, бүгінде қалада жеңіл атлетика спорты қарқынды дамып келеді. Бұл үрдістің айғағы – Қажымұқан атындағы орталық стадионда жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары. Жүгіру алаңы мен жаттығу құрал-жабдықтары халықаралық стандарттарға сай жаңартылып, болашақта стадион жеңіл атлетикаға бейімделген заманауи спорт кешеніне айналмақ.
– «Стадионда сегіз жолақты жүгіру алаңы, сондай-ақ ядро итеру, диск пен найза лақтыруға арналған арнайы секторлар толық жабдықталған. Құрылыс барысында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да өз ұсыныстарын білдіріп, барлық ескертпелері ескерілді. Нысан қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді», – деді Ермек Дәрменов.
Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы Әлішер Юупжанов та турнирдің маңыздылығын атап өтті.
– «Биыл алғаш рет 17 команда қатысып отыр. Бұл – үлкен жетістік. Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл жарыс – болашақ чемпиондардың алғашқы іріктеу алаңы. Төрт сайыс – көпсайысқа бейімделудің негізгі кезеңі. Ертеңгі Олимпиада және Азия чемпиондары осы жерден өсіп шығады», – деді ол.
Бөлісу