Егер бір сыныптағы оқушылардың 20%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі ЖРВИ-мен ауыратын болса, кабинеттік оқыту жүйесі тоқтатылып, жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады.
Шымкент қаласында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 ауруларының таралуын бақылау мақсатында жаңа шаралар қолға алынды. Қалада ұйымдасқан ұжымдарда эпидемиологиялық қауіпсіздік күшейтілді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында баспасөз конференциясында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы кеңінен баяндап берді.
Айта кету керек, аталған баспасөз брифингінде Шымкент қаласына Ресейдің «Петровакс Фарм» компаниясы шығарған «Гриппол Плюс» үшвалентті тұмауға қарсы вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілгені айтылды.
2024 жылы Шымкент қаласының тұрғындарын жаппай иммундау шараларының басты мақсаты – халықтың әлсіз топтарын қорғап, тұмаудың кең таралуын болдырмау. Жергілікті билік тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинациялау науқанына белсенді қатысуға шақырады.
Еске салсақ, аталған баспасөз конференциясында күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түсетіндігін және бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты екендігі айтылған болатын.